23.06.2021

«БІЗДІҢ ҰСТАЗДАРЫМЫЗ» - София Нұрбайқызы

«БІЗДІҢ ҰСТАЗДАРЫМЫЗ» - София Нұрбайқызы
Құрметті оқырмандар, «БІЗДІҢ ҰСТАЗДАРЫМЫЗ» рубрикасының кезекті саны геология-минерология ғылымдарының кандидаты, профессор София Нұрбайқызына арналады. София Нұрбайқызы академик М.Миллионщиков атындағы Грозный Мұнай институтын ақтаған соң, бірнеше жылдар бойы өндіріс орындарында мамандығы бойынша қызмет атқарды. 1991 жылы Мәскеуде «Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы палеозой жыныстарының мұнай-газдылық болжамы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі еңбек жолын 1992 жылдан бастады. 30 жылдан астам уақыт бойына ұстаздық қызметіне шығармашылықпен қарап, жоғары білікті мамандарды даярлау ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тәжірибелі де білікті маман. Жоғары білім беру ісі үнемі жаңашылдықты талап ететіні баршамызға аян. София Нұрбайқызы да жаңа ғасырдың жаңашыл, жеке тұлғасын қалыптастыруда жаңа әдістер мен технологияларды пайдаланып келеді. Өз білімін жетілдіру - кез-келген мамандықта өз ісіне шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарайтын әр маман үшін қажеттілік. Ұстаз заман ағымына сай білімін жетілдіру жолында Стамбул техникалық университетінде, Милан университетінде, Қытайдағы мұнай университетіндегі біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ұстаз дайындаған студенттер бірнеше рет республикалық пәндік олимпиадаларда жүзден жүйрік танылып, жүлделі орындарды иеленді. 2003-2004ж. Францияның Мұнай және газ институтымен (Франлаб және Тоталь мұнай компаниясы) және итальяндық университеттердің Eni корпорациясымен (Аджип мұнай компаниясы) бірлесіп жүргізілетін «Мұнай-газ жобалары операциялары» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша 40 магистрантты дайындау ісіне қатысты. Ұстаздық қызметінен бөлек С.Нұрсұлтанова ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан еліміздің жоғары оқу орындарын аккредиттеу комиссиясының құрамында болып, еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында сарапшы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ұстаздың Каспий маңы аймағының геологиясы, геохимиясы, тектоникасы бойынша Қазақстан мен Ресейдің геологиялық зерттеу институттарының профессорларымен және ғылыми қызметкерлерімен бірлескен 60-тан астам ғылыми мақалалары мен жарияланымдары жарияланды. Сонымен бірге 3 оқулық пен 25-тен астам оқу-әдістемелік кешендер, әдістемелік құралдар дайындалды. София Нұрбайқызы ғылыми-зерттеу және өндірістік жобалар үшін кеңес беру қызметтерін де көрсетеді. Ұстаз еңбегі бағаланып, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Қазақстан мұнайына 120 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың грамотасымен және еліміздегі ұлттық мұнай компанияларының бірнеше мәрте грамоталарымен мадақталды. София Нұрбайқызы университеттің «Геология, геофизика және геохимия» ғылыми орталығында «Қазақстан Республикасындағы мұнай мен газдың антиклинальды емес тұзақтарын кешенді зерттеу» тақырыбы бойынша ғылыми жобаны табысты жүзеге асыруда да өз үлесін қосты. Бүгіндері ұстаз, ғалым София Нұрбайқызынан дәріс алған университет түлектері еліміздегі ТШО, NCOC, «ҚазМұнайГаз» секілді және өзге де үлкен компанияларда жауапты лауазымдарда абыроймен еңбек етіп келеді. Университет жоғары оқу орны мәртебесін асқақтатып, білімді де білгір мамандаяр даярлау ісінде ерекше еңбек сіңірген ұстаздарымен мақтанады.

Back to the list

Не таңдау керектігін білмейсіз бе?

Қабылдау комиссиясының мамандары анықтауға көмектеседі

Leave a request.
We will call you back and advise!
CAPTCHA

RU KK  EN