AOGU supports UN Agenda

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жастардың білімді де білікті, өнерлі де өрелі, қазіргі заман талабына сай жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына айрықша мән беріледі. Оқу орны басшылығы әр студенттің жүрегіне жол тауып, атқарған істерін дер кезінде бағалап, әрдайым қолдау көрсетуді басты мақсат тұтады. Талапты студенттеріміз туралы ақпараттарды «Үздік студент» айдарында жариялап отыруды жөн көрдік. Бүгін «Мұнай» факультетінің «Геология және пайдалы қазбаларды барлау» мамандығы бойынша 2 курста білім алып жүрген Серікқали Әйгерім Нұрболатқызы туралы айтпақпыз.

Университетте білім алған 1 жылдың ішінде-ақ өзін сан қырынан таныта білген ол топ басшысы болып тағайындалып, белсенді студенттер қатарынан көрінді. Қазіргі уақытта С. Өтебаев атындағы АтМГУ-дың мәдениет министрі, SPE коммерциялық емес ұйымының хатшысы, WEST SIDE волонтерлер корпусының жетекшісі, «Ақ ниет» қайырымдылық қорының негізін салушы, UNICEF халықаралық ұйымының волонтері, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының мүшесі, Атырау облысының еріктісі, «28 петель АУНиГ», «Aogu Guitar», «Aogu Media», «AoguMovie» клубтарының негізін қалаушы, «Ғибрат» пікірсайыс клубының мүшесі, «JasStars» тобының вокалисі, «Теңіз толқыны» ансамблінің мүшесі.

Әйгерім білім әлеміндегі сайыстарда да алғырлығымен, дарынымен танылып жүр. Атырау қалалық «Adebiet Cup» пікірсайысына қатысып I орын алды, Жастар арасындағы күзгі финалдық турнирде финалист атанды, Ақтөбе қаласында өткен «Jubanov Cup» пікірсайысында «Үздік делегация» номинациясы бойынша алғыс хат иеленіп, Алматы қаласында ұйымдастырылған «MenJastargaSenemin!» байқауында Алғыс хатпен марапатталды.

Әйгерім Нұрболатқызы өз командасымен бірге университет, қала республика деңгейіндегі шараларды да нәтижелі атқарып жүр. Атап айтсақ, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Гала-концерт ұйымдастырды. Студент-жастардан құралған «The flou» тобымен Студенттер сарайы алаңында студенттерге фильм көрсетілуіне ат салысты. «Нұр Отан» партиясымен бірге 150 000 тг. көлемінде қаржылай көмек жинап, әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлік тарату жұмысына, «Бақытты балалар» акциясына, қажетті көмекті 2 күнде жинап үлгерген республикалық «Мектепке жол» акцияларына қатысты.

Сонымен қатар, биылғы жылы 12 ақпанда Нұрсұлтан қаласында өткен Волонтерлер кеңсесі фронтының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Жас та болса, бас болып, қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларда жұлдыздай жарқырап жүрген жастың еңбегі көз қуантады, көңіл сүйіндіреді.

Ел игілігі жолында ауыз толтырып айтарлық іс атқарып үлгерген Әйгерімнің еңбегі марапаттауға тұрарлық. Дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отырған университетіміздің әкімшілігі Серікқали Әйгерімді Р. Шырдабаев атындағы шәкіртақыны иеленуге лайық деп таныды. Үздік білімімен көрінген Әйгерімді құттықтап, «Алар асуларың көп болсын!» дегіміз келеді.

Возврат к списку


Не знаете что выбрать?

Специалисты приемной комиссии помогут определиться

Оставьте заявку.
Мы перезвоним и проконсультируем!
CAPTCHA

RU  KK EN