AOGU supports UN Agenda

Бір жыл. Жасалған жұмыстарға лайықты баға беруге жеткілікті ме? Бастысы – уақыттың аздығы мен көптігінде де емес. Жаңа бастамалардың тек университет үшін емес, аймақ, жалпы ел үшін маңыздылығы жоғары болуында. Бастысы – нәтиже.
Гүлзада Тәңірбергенқызының «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-ректор лауазымын атқарғанына – 1 жыл. Осы уақыт аралығында еліміздегі мұнай-газ кешеніне кадр даярлайтын бірден-бір университет – АтМГУ-да бірқатар табысты жұмыстар іске асты. Соның ішінде ең-ең-ең ірі бес жетістікті атап өтейік.
І. ИНДУСТРИАЛДЫ КОМИТЕТ ҚҰРЫЛДЫ
Индустриалды комитет мүшелері Университеттің стратегиялық міндеттерін шешуге тікелей қатысады және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында белгілі бір әрекеттерді іске асыру үшін өкілеттіліктерін куәландыратын арнайы құжат берілген.
Мақсатты өндіріс мамандары тобы әзірлеген білім беру бағдарламалары енгізілді. Серіктес компаниялар бизнес-процестерге белсенді қатыса бастады. Индустриалды комитет құрамында сала өкілдері - серіктес компаниялардың топ-менеджерлері бар (отын-энергетика кешені, химия өнеркәсібі, IT-сала және т.б.).
Университеттің оқу үдерісіне индустрияның толық қатысуы стратегиялық бастамаларымызды дамытуда зор маңызға ие.
ІІ. КЕН ОРНЫ – УНИВЕРСИТЕТ ҮШІН
Уақыт талабына сай Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті аймақтағы интеграциялық ролін нығайта бастады. Дуалды білім беру аясында «Индустрия-өндіріс-ғылым-бизнес» бағдарламасы бойынша оқу орнына өңірде жұмыс істеп тұрған кен орнын беру мәселесі шешімін тапты. Бұл - студенттерді практикалық даярлайтын оқу кластері және оқу полигоны. Болашақта оқу процесі кен орнында өтеді, сол арқылы студенттер мен оқытушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге маңыз беріліп отыр.
Университет білім беру процесін толықтай оқу полигонында өткізуді еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш болып қолға алды! Ауқымды жоба облыс әкімдігі мен ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.
ІІІ. ҚҰЗЫРЕТ ОРТАЛЫҒЫ
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің қазіргі стратегиясы жаһандық мақсаттарға, соның ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Тұрақты даму мақсаттарына бағытталған. Мұнай-газ саласында өзгерген және жаңа мамандықтар бойынша сарапшылар пулын құра отырып, Құзырет орталығына айналу – Университеттің 2020 жылға қойған ең басты мақсаты болды.
Қазір Университеттің ҚР Энергетика министрлігінің мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібінің салалық технологиялық құзырет Орталығына айналуына бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Бұл бізге жаңа білімді генерализациялауға, жаңа мамандықтар/біліктілік бойынша мамандарды сертификаттауға, кәсіпорын кадрларын қайта даярлауға, шетелдік жұмыс күшін отандық кадрлармен алмастыруға мүмкіндік береді.
Университет өткен жылдан бастап «KAZENERGY» ассоциациясының форсайт зерттеулеріне белсенді қатысып келеді. Еліміздегі энергетика кешеніне «Болашақ мамандықтар атласы» - соның нәтижесі. АтМГУ - мұнай-газ саласындағы 16 мамандық бойынша Тәжірибе алаңы деп танылды. Бұл да біз үшін үлкен жетістік!
IV. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС
Еліміздегі жоғары білімнің интернациялану үдерісі бірқатар бастамаларға жол ашты. Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған жаңа жүйе бұрынғы қалыптасып қалған қағидалармен шектелмей, тың жобаларға түрен салуды талап етеді. Бұл ретте отандық жоғары оқу орындарының шетелдегі әріптестерімен тығыз байланыста болуы бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне серпін беретіні анық.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ұлыбританиядағы Роберт Гордон, АҚШ-тағы Техас университеттерімен, Каспий өңірінде орналасқан трансұлттық компаниялармен бірге жасаған бағдарламаларды іске асыруда. Инженер-техникалық бағыттағы мамандарды Губкин атындағы РМУ, Уфаның мемлекеттік мұнай университеті секілді серіктестіктермен бірге даярлайды. Халықаралық әріптестік байланыс орнаған тағы бір оқу орны - Малайзиядағы «Petronas» технологиялық университеті.
«Виртуалды академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша АтМГУ студенттері биыл Ресейдегі Кузбас мемлекеттік техникалық университетінде, Тюмень индустриалды университетінде, Астрахань мемлекеттік техникалық университетінде және Әзірбайжан техникалық университетінде білім алады. Алдағы уақытта бұл қатарға Пекин политехникалық университеті де қосылады деген жоспар бар.
V. ГРАНТ + АТАУЛЫ СТИПЕНДИЯ
Биыл біздің Университетке бакалавриат бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған 156, магистратураға 20 студент оқуға қабылданды. Әлемді пандемия жайлаған қазіргідей күрделі кезеңде адами капиталды жетілдіруге, ол үшін әлеуметтік қолдау көрсетуге Университет басшылығының айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өту керек. Өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың демеушілігі есебінен 200 студентке корпоративтік грант тағайындалды. Қазір тағы да осындай 100 грант бөлуге конкурс жүріп жатыр.
Сонымен қатар, оқу орнының алғашқы ректоры Төлеуіш Серіков, мемлекет және қоғам қайраткерлері Равиль Шырдабаев, Нұрлан Балғымбаев атындағы арнаулы стипендиялар оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы студенттерге берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Басқарма Төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликованың ұжым алдында бір жылдық есеп беру жиналысында бұдан басқа да жетістіктер мен табыстар айтылды. Проректорлар, факультет декандары атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Қолға алынған бастамалар да, алға қойған міндет те көп. Мақсат пен мүдде ортақ болғанда ғана іс алға басары анық.
ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТ. МЫҚТЫ МАМАН. ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР.

Возврат к списку


Не знаете что выбрать?

Специалисты приемной комиссии помогут определиться

Оставьте заявку.
Мы перезвоним и проконсультируем!
CAPTCHA

RU  KK EN