AOGU supports UN Agenda

Жаһандық пандемия кезеңіндегі дағдарыс шешімін күткен көптеген мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Соған қарамастан елімізде білім берудің барлық деңгейінде енгізілген жедел іс-шаралар білім беру үрдісін тиімді ұйымдастыруға, оның ішінде қашықтан оқыту жүйісіне кедергісіз көшуге мүмкіндік берді. 

Бұл туралы жоғары оқу орындары Ректорлары Кеңесінің отырысында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова айтты.

Университет ректоры Кеңес отырысында ғылыми-педагогикалық қоғамдастыққа және студенттерге жарияланған Үндеу мәтінімен таныстырды. Құжатта жаһандық пандемия сын-қатерлері жағдайындағы жоғары білім беру саласының қазіргі үрдістері мен даму болашағы жайлы айтылған.


Жоғары оқу орындары Ректорлары Кеңесінің ғылыми-педагогикалық қоғамдастыққа және студенттерге 

ҮНДЕУІ

Еліміз екінші жыл бүкіл әлеммен бірге COVID-19 жаһандық пандемиясымен белсенді күресіп келеді. Пандемия әлемдік экономика, саясат, әлеуметтік даму салаларындағы жаһандық өзгерістерге түрткі берді, оның салдары адамзат тіршілігінің барлық салаларына ұзақ-мерзімді әсерін тигізеді.

Коронавирустық инфекция кең таралған кезеңде студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның, қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жоғары оқу орындарының басым міндетіне айналды.

Мемлекет басшысы мен үкімет комиссиясының уақытылы және тиімді қабылдаған шаралары пандемия зардабын барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Елімізде білім берудің барлық деңгейінде енгізілген бірегей және жедел шаралары оқытушылар мен білім алушылардың қауіпсіздігін барынша сақтай отыра, білім беру үрдісін әлеуметтік оқшауланудың талаптары мен шарттарына сай ұйымдастыруға жағдай жасады.

Өкінішке орай, оқу жылы аяқталып, демалыс маусымы басталған кезеңде де инфекцияны жұқтыру, сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары Ректорларының Кеңесі ғылыми-педагогикалық қоғамдастық пен студенттерді пандемия жағдайында азаматтық және әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін сақтауға, жеке және қоғамдық тәртіп нормалары мен қағидаларын сақтауға шақырады.

Вакцинациялауға белсенді қатысу арқылы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына әрбіріміз өз үлесімізді қосайық.

Сонымен бірге, барлық университеттерде Ashyq қосымшасын енгізу 2021 жылдың қыркүйегінен бастап оффлайн режимінде оқыту форматына көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі дағдарыс шешімін күткен көптеген мәселелерді күн тәртібіне шығарғаны баршамызға белгілі. Оның ішінде, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің бүгінгі таңдағы өзгерістерін атап өтуге тиіспіз.

Жоғары оқу орындарына заңды түрде берілген академиялық және басқарушылық еркіндік - олардың өзіндік миссиясы мен философиясына негізделген ерекше брендін құруға, сондай-ақ өзіндік бірегей, уақыт талабына сай білім беру бағдарламаларын енгізу тәсілдері мен мүмкіндіктеріне жол ашты.

Академиялық адалдық принциптері жүйелі түрде енгізіліп жатыр, жұмыс берушілер тарапынан жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтілді, түлектерді сертификаттау енгізілді. Бұл шаралар ұзақ-мерзімде оң нәтижеге жеткізеді, олардың маңызы зор және үнемі бас назарымызда болады.

Университеттердің жаңа талаптар мен уақыт үндеуіне жауап бере отырып, тез өзгере алу қабілеті трансформациялау жолындағы маңызды факторға айналды. 2021 жылдан бастап Қазақстанда жоғары оқу орындары мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі дипломдарын бере бастайды. Яғни, жоғары оқу орындары талапкер үшін бәсекеге төтеп беруге тиісті кезең басталады. Бұл - жұмыс беруші жоғары оқу орнының беделіне, рейтингіне, білім беру бағдарламаларының сапасына сүйене отырып, түлектердің құзыреттілігін бағалайды деген сөз. Осыған байланысы кәсіптік және білім беру стандарттары арасындағы алшақтықты жою жоғары оқу орындарының басты міндеті болып айналды.

Мамандарды даярлау мен индустрияның мамандарға деген сұранысы арасында алшақтықтың болуы тек біздің елде ғана емес, көптеген дамыған елдерде де байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, ҚР БҒМ өткізетін бейіндеу жұмысы - жоғары оқу орындарын трансформациялауға, бәсекеге қабілетті бейінді бағыттарды қалыптастыруға ынта береді. Бұл білім сапасын жақсартуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға зор ықпал етті. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса беруі қажет.

Жоғары білім беру сапасын арттыру - ҚР Білім және ғылым министрлігінің басты назарында. Осы бағытта ведомство бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда. Айталық, білім гранты құнының өсуі, материалдық-техникалық базаның нығайуы, оқытушылар жалақысының өсуі, профессорлық-оқытушылық құрамның оқу жүктемесінің төмендеуі, студенттерге арналған стипендияның артуы және қазақстандық ғылымның дамуын ынталандыру сияқты шараларды айтып өту қажет.

Министрлік жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының еңбекақысына қатысты үлкен жұмыс жүргізуде. ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылғы қыркүйекте 20%-ға және 2020 жылғы қыркүйекте тағы 20%-ға ұлғайтылды.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушыларға ең төменгі жалақы мөлшері белгіленді, олар айына кемінде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық ЖОО-да 400 мың теңге) алатын болды. Сонымен қатар, әр университет басқа да ынталандыру төлемдерін тағайындады және оқытушылардың белгілі бір жетістіктеріне қосымша ақы төленеді.

Педагогикалық жүктеменің ең жоғары көлемі енгізілді – оқу жылы ішінде 680 сағаттан аспайды, осылайша профессорлық-оқытушылық құрамды ғылыммен айналысуға ынталандыру мүмкіндігі туынайды.

Сапасыз білім беретін университеттердің жабылуы білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы басты маңызды қадам болды. Халық мұндай жоғары сапаға жауап бере алмайтын университеттердің лицензиясының қайтарылу себептерін білуі керек. Олар «диплом шығару фабрикасына» айналған жоғары оқу орнын жабу - еліміздің, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігін түсінуі қажет.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің осындай стратегиялық мәселелерді шешу және белсенді ұстанымының арқасында отандық білім беру жүйесінде көптеген сапалы және оң өзгерістер орын алуда. Осындай, жүйелі жұмыстар тоқтамай, жалғаса беретіндігіне сенімдіміз!

Сөз соңында барлықтарыңызға мықты денсаулық, жаңа өзгерістерге деген құштарлық және кәсіби табыс тілеуге рұқсат етіңіздер!

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

 

 

Back to the list


Не таңдау керектігін білмейсіз бе?

Қабылдау комиссиясының мамандары анықтауға көмектеседі

Leave a request.
We will call you back and advise!
CAPTCHA

RU KK  EN