ADA University базасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы академиялық ынтымақтастық жөнінде дөңгелек үстел өтті

Бүгін Баку қаласындағы ADA University базасында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаевтың, сондай-ақ екі елдің жетекші жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған нақты қадамдарды белгіледі. Әсіресе, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға және инновациялық білім беру бастамаларын енгізуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті (UTEBAYEV UNIVERSITY) Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды: • Баку жоғары мұнай мектебі (Baku Higher Oil School); • Әзербайжан техникалық университеті (Azerbaijan Technical University); • Әзербайжан сәулет-құрылыс университеті (Azerbaijan University of Architecture and Construction).

Бұл келісімдерді жүзеге асыру UTEBAYEV UNIVERSITY студенттері мен оқытушыларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастық академиялық алмасуды, бірлескен ғылыми зерттеулерді, ғылыми жарияланымдар әзірлеуді және конференциялар өткізуді, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын дамыту мен мұнай-газ, инженерия салаларында инновациялық технологияларды енгізуді қамтиды.

UTEBAYEV UNIVERSITY әзербайжандық әріптестеріне жылы қабылдауы мен нәтижелі ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдіреді. Біз қол жеткізілген келісімдер ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестіктің берік негізі болатынына сенімдіміз.

Фото 1 Фото 2
RU KK  EN