Атырау мұнай және газ университетінің мұражайында Жамауовтар әулетінің есімі «Мұнайшылар даңқы қабырғасына» жазылды

Атырау мұнай және газ университетінің мұражайында «Мұнайшылар даңқы қабырғасына» Жамауовтар әулетінің есімі жазылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара — мұнай-газ саласы мен ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен олардың әулеттеріне көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісі. Бүгінде «Мұнайшылар даңқы қабырғасында» өз ісіне адал, елге еңбегі сіңген шамамен 100 мұнайшының есімі мәңгілікке жазылған.

Салтанатты шараға қоғам және сала өкілдері, ардагер мұнайшылар, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты. Атырау мұнай және газ университетінің басқарма төрайымы – ректоры Гүлзада Шәкулікова құттықтау сөз сөйлеп, мұнайшы әулеттерінің еңбек дәстүрін сақтау — жастарға үлкен өнеге екенін атап өтті.

Іс-шарада 40 жылдан астам еңбек өтілі бар, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Жұмабек Жамауов сөз сөйлеп, өзінің өмір жолындағы естеліктерімен бөлісті. Құттықтау лебіздерін ҚР Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Перзадаев, «Семей машина жасау зауыты» АҚ-ның бас директоры, ҚР Парламентінің бірінші шақырылымының депутаты Нұрлан Омаров, сондай-ақ ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісінің иегері Нұрғожа Чиняев жеткізді.

Бұл оқиға — ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларды мәңгі есте сақтауға және олардың еңбегін ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болды. «Мұнайшылар даңқы қабырғасы» — Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтардың жарқын бейнесін мәңгілікке дәріптейтін символ.

Жамауовтар – Мұнайшылар даңқы қабырғасы Жамауовтар – Мұнайшылар даңқы қабырғасы Жамауовтар – Мұнайшылар даңқы қабырғасы
RU KK  EN