UTEBAYEV University университетіне Қытай Мұнай университеті (Бейжің) делегациясы үш күндік сапармен келді
Делегация құрамында профессорлар Feng Lianyong, Wang Jianliang және Zhu Jinhong бар.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ UTEBAYEV University базасында Қазақстан–Қытай Энергетика және экология орталығын құру мәселелерін талқылады.
Алдағы уақытта энергетика, геология және мұнай-газ ісі бағыттары бойынша академиялық ұтқырлықты дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында тәжірибе алмасу, оқу бағдарламаларын үйлестіру, сондай-ақ бірлескен ғылыми бастамаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесуде озық технологияларды трансферлеу, инновациялық шешімдерді енгізу және білім беру сапасын арттыру бағыттарындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Сапар аясында қытайлық делегация UTEBAYEV University оқу-өндірістік полигонымен танысып, дуалды оқыту жүзеге асырылып жатқан кәсіпорындардың жұмысын көреді, студенттерге дәріс оқып, кәсіби тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар, делегация мүшелері «Каспий тынысы – 2025» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, мұнай-газ саласының өзекті мәселелері бойынша баяндама жасайды.
Бұл сапар UTEBAYEV University халықаралық серіктестігі мен ғылыми интеграциясын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Университет аймақтық және жаһандық деңгейде білім мен ғылым сапасын арттыру, сондай-ақ энергетика саласына жоғары білікті мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.