2025 жылғы 14 мамырда Атырау мұнай және газ университетінің өкілдері Қытайдың Қарамай кәсіптік-техникалық колледжіне ресми сапармен барды. Бұл кездесу Қазақстан мен Қытайдың білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
2024 жылдың тамыз айынан бастап тараптар арасында «Цзинши институты» атты бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында Атырау мұнай және газ университетінің студенттері үшін қытай тілі курстары ұйымдастырылып, олардың Қытай серіктестерімен академиялық және кәсіби тұрғыда тығыз байланыс орнатуына жол ашылды.
Кездесу барысында университет өкілдері ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап мұнай инженериясы және бұрғылау бойынша мамандандырылған курстар ашу жоспарлануда. Тараптар әріптестікті кеңейту жөнінде келісімге қол қойылды. Келіссөздердің басты бағыты – ғылым және білім беру ынтымақтастығын нығайту. Соның бір көрінісі - АтМГУ базасында бірлескен ғылыми зертхананы құру ұсынысы болды.
Сонымен қатар, Қарамай колледжінің студенттеріне арналған «3+2» бағдарламасын іске қосу туралы келісім жасалды: үш жыл – колледжде, екі жыл – Атырау мұнай және газ университетінде білім алу. Бұл бастама студенттерге мұнай-газ саласында сапалы білім мен тәжірибе алуға жаңа мүмкіндіктер береді.