UTEBAYEV UNIVERSITY-де Губкин атындағы РМУ филиалына қабылдау емтиханы өтіп жатыр
UTEBAYEV UNIVERSITY базасында ашылған И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалына оқуға түсу үшін талапкерлер математика, орыс тілі пәндерінен жазбаша емтихан тапсыруда. Филиалда 2025–2026 оқу жылына 100 білім гранты бөлініп отыр.
Қабылдау емтиханына еліміздің батыс өңірінен және Астана, Шымкент қалаларынан келген талапкерлер қатысып жатыр.
UTEBAYEV UNIVERSITY Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова:
Бұл болашағын мұнай-газ саласымен байланыстырғысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Елімізге білімді, өндіріс процесін терең түсінетін, заманауи технологияларды меңгерген, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инженерлер қажет. Губкин университеті филиалының ашылуы – Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі. Бұл бастама студенттерге сапалы білім беріп, кәсіби ортада дамуға, жетекші компанияларда тәжірибе жинауға және болашақта табысты мансап құруға жол ашады.
Қабылдау емтиханын И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің білікті профессорлық-оқытушылық құрамы жүргізуде. Сарапшылар құрамына мұнай-газ саласында мол тәжірибесі бар, ғылыми-педагогикалық жетістіктерімен танылған мамандар енген.
Бұл талапкерлердің білімін әділ әрі кәсіби деңгейде бағалауға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай кадрларды іріктеуге мүмкіндік береді.