UTEBAYEV UNIVERSITY студенттері ҚазМұнайГаздың инновациялық STRYDE сейсмикалық барлау жүйесін енгізу жобасына қатысуда
Атырау облысындағы «Гран» кен орнында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы – «Ембімұнайгаз» АҚ заманауи STRYDE сымсыз сейсмикалық барлау жүйесін енгізуде. Жобаға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері мен жас мамандары қатысып, заманауи әлемдік технологиялармен жұмыс істеу бойынша бірегей тәжірибе жинақтауда, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жүйе әлемдегі ең ықшам әрі жеңіл, салмағы небәрі 150 грамм болатын автономды қабылдағыштардан тұрады. Олар экстремалды температураларға төтеп беріп, үздіксіз деректер жазу кезінде 28 тәулік бойы қуаттаусыз жұмыс істей алады. Жоғары дәлдік пен сападағы ақпаратты жүктеу небәрі 4 сағатты алады. Бұл сейсмикалық деректерді жинау мен өңдеудің жеделдігін айтарлықтай арттырады.
Бір маман өзімен бірге 90 қабылдағышқа дейін алып жүріп, оларды орната алады. Жалпы алғанда, жүйе жоғары тығыздықтағы бақылау желісін оңай орналастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жұмысшылар саны 50%-ға қысқарады, өнімділік 4 есе артады, дала жабдығының салмағы 20 есеге азаяды, техниканың көлемі 80%-ға дейін азаяды, ал далалық жұмыстар уақыты орта есеппен 30%-ға қысқарады.
Сонымен қатар, жүйені пайдалану кезінде кабельдік инфрақұрылым мен ауыр техника қажет емес, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтып, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттырады және барлау жұмыстарына кететін шығындарды төмендетеді.
Жобаға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жас мамандарының тартылуы – қазақстандық кадрлардың кәсіби дамуына және ғылыми-тәжірибелік әлеуеттің нығаюына ықпал етеді.
Қазіргі сейсмикалық деректер мұнай-газ кен орындарының әлеуетін жаңа деңгейде бағалауға және олардың жұмыс циклін ұзартуға мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаз» «Гран» жобасын ғылым мен технологияның синергиясының нақты мысалы ретінде қарастырады және оны инновацияларды одан әрі енгізудің негізі деп есептейді.
Анықтама үшін:
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қорының, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің және STRYDE британдық технологиясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы ресми өкілі «Samga Petroleum» ЖШС-нің қатысуымен жүзеге асырылуда.