Utebayev University базасында мектеп пен колледж түлектеріне арналған «Study in Kazakhstan» білім көрмесі өтті. Іс-шараны Utebayev University Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе ұйымдастырды.
Ауқымды көрменің мақсаты – талапкерлерге жоғары білім беру саласындағы заманауи мүмкіндіктерді таныстырып, мамандық таңдауда нақты бағыт беру.
Көрмеге ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Рүстем Емелбаев арнайы қатысып, 2025–2026 оқу жылына арналған ЖОО-ға қабылдау ережелері, бейіндік пәндер комбинациясы, мемлекеттік гранттар бойынша маңызды ақпаратпен бөлісті.
Utebayev University ректоры Гүлзада Шакуликова өз сөзінде: "— Бұл көрменің өңірімізде өтуі — жергілікті жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінгі іс-шара талапкерлерге сапалы білім алуға, заманауи мамандықтарды игеруге жол ашады. Бұл — жастарға бағыт", — деп атап өтті.
Көрме барысында университет факультеттері мен білім беру бағдарламалары ұсынылып, зертханалар, ғылыми үйірмелер, студенттік клубтар жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар, серіктестеріміз — KPI, OPEN Training Centre және М.Губкин атындағы РМУ филиалы өз бағдарламаларын ұсынып, үміткерлерге шеберлік сағаттарын өткізді.
«Study in Kazakhstan» көрмесі білім мен ғылым жолындағы жас ұрпаққа арналған сенімді әрі тиімді платформаға айналды.