UTEBAYEV UNIVERSITY-де «GREEN SCIENTIST» I ғылыми-практикалық байқауы өтіп жатыр
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Н.Нәдіров атындағы Мұнай-химия инженериясы және экология институтының ұйымдастыруымен экология және ғылым саласындағы жас зерттеушілердің басын қосқан «GREEN SCIENTIST» I ғылыми-практикалық байқауы өтуде.
Ғылыми зерттеулерді тәжірибеде қолдану арқылы экологиялық проблемаларды шешу, студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту және олардың инновациялық идеяларын қолдау мақсатында өтіп жатқан байқауға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері қатысуда.
Әр университеттен екі қатысушыдан құралған алты топ ғылыми жарыста бақ сынап жатыр.
Қатысушылар лабораториялық тәсілдерді қолдана отырып, ағынды судан мұнай қалдықтарын ажыратады. Бұл тәжірибе экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеудің тиімді әдістерін анықтауға бағытталған.
- «GREEN SCIENTIST» ғылыми-практикалық байқауы болашақ ғалымдардың экологиялық мәселелерді шешуге қосатын үлесін арттырады. Осындай бастамалар Қазақстанның жас ғалымдарын қолдап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді», – дейді UTEBAYEV UNIVERSITY зерттеу лабораториясының жетекшісі, белгілі химик, технолог Маржан Досмағамбетова.
Байқау барысында жас ғалымдар өздерінің зерттеу дағдыларын көрсетіп қана қоймай, экология саласындағы жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік алады. Сарапшылар алқасы қатысушылардың ғылыми тұжырымдамаларын, зерттеу әдістерін және тәжірибелік нәтижелерін бағалап, үздік жобаларды анықтайды.