UTEBAYEV UNIVERSITY-де жаңа білім беру бағдарламасы ашылды
UTEBAYEV UNIVERSITY (С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті) еңбек нарығындағы өзгерістер мен өндіріс орындарының нақты сұранысын ескере отырып, жаңа 6В0710Х – «Материалтану және жаңа материалдар технологиялары» атты заманауи білім беру бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама мұнай-газ және химия өнеркәсібі салалары үшін білікті мамандар даярлауға бағытталған. Студенттер жаңа материалдардың (синтезделген полимерлер мен композиттер және т.б.) құрылымы мен қасиеттерін зерттейді, олардың физикалық-химиялық сипаттамаларын, өндірістік технологияларды және оларды оңтайландыру тәсілдерін меңгереді. Экологиялық талаптарға сай тиімді шешімдер жасауға да машықтанады.
Бағдарламаның басты мақсаты – өндірісте тиімді қолдануға болатын, экологиялық тұрғыдан таза және инновациялық материалдар әзірлей алатын жоғары білікті мамандарды даярлау. Бұл бағыт өңірлік кәсіпорындармен тығыз байланыста құрылып, нақты өндірістік сұраныстарға негізделген.
UTEBAYEV UNIVERSITY Қабылдау комиссиясының төрағасы Есенгелді Арыстаналиевтің айтуынша, бұл бағдарлама еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытымен толық сәйкес келеді.
Оқуға түсу үшін талапкер ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 50 балл жинауы қажет. Бейіндік пәндер: математика және физика. Құжаттар аптаның барлық күндері, оның ішінде демалыс күндері де қабылданады.
UTEBAYEV UNIVERSITY жаңа технологиялар мен тұрақты даму саласына қызығушылық танытқан талапкерлерді осы болашағы зор жаңа мамандық бойынша білім алуға шақырады!