Астанада Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтуде: «Қазақстан — академиялық білім аумағы»
Бүгін Астанада «Қазақстан — академиялық білім аумағы» тақырыбындағы Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтуде. Форум аясында жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқылануда.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, елдің зияткерлік дамуы мен технологиялық жаңғыруында жоғары білім жүйесінің шешуші рөлін атап өтті.
– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, – деді Мемлекет басшысы.
Форум жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, жетекші шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты.
Форумның белсенді қатысушыларының қатарында UTEBAYEV UNIVERSITY және И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің Қазақстандағы филиалы болды. Қатысушылар жоғары білім мен ғылымдағы серіктестік бағыттарын дамыту, тәжірибе алмасу және инновациялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.