Құрметті Индустриялық комитет мүшелері!
Университет атынан халықаралық жазғы индустриялық мектебіміздің тыңдаушыларын қабылдап үлгерген немесе алдағы күндері қабылдайтын барлық компанияларға зор алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
2025 жылғы 23 маусымда UTEBAYEV UNIVERSITY-де дәстүрлі Жазғы индустриялық мектеп – 2025 өз жұмысын бастады. Мектеп 3 апта бойы, яғни 12 шілдеге дейін жалғасып, Атырау облысының 18 кәсіпорнын қамтиды.
UTEBAYEV UNIVERSITY-нің бірегей индустриялық мәртебесі және оқу жылы бойы жүзеге асырылатын терең дуальды оқытумен ерекшеленетін кәсіби-бағдарлы білім беру бағдарламалары университетке академиялық білім мен өндірістегі тәжірибені, жұмыс орнындағы практикалық оқытуды 90-нан астам Атырау облысы компанияларының қатысуымен тиімді үйлестірудің ерекше тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Өз студенттерін кәсіби даярлаудағы үздіксіз тәжірибесін негізге ала отырып, университет жазғы каникул кезеңінде басқа университеттердің студенттерімен де осы құнды индустриялық білім тәжірибесімен бөлісу туралы шешім қабылдады. Бұл — еліміздің мұнай-газ саласы жоқ өңірлерінің студенттеріне нағыз мамандыққа жақындай түсуге берілген ерекше мүмкіндік.
Сондықтан бағдарлама Назарбаев университеті, ҚБТУ, Сәтбаев университеті сияқты елорда жоғары оқу орындарының студенттері мен Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасынан келген шетелдік студенттерді біріктіреді.
Жыл сайын бағдарлама шетелдік жоғары оқу орындары арасында танымал бола түсуде және биыл Түмен мемлекеттік университеті, Түмен индустриялық университеті, Қытайдың Қарамай мұнай университеті сияқты оқу орындарынан 33 шетелдік студент Назарбаев университеті, ҚБТУ және Сәтбаев университеті студенттерімен қатар мектеп бағдарламасын меңгеруде.
UTEBAYEV UNIVERSITY-дің «Жазғы индустриялық мектебі» бағдарламасы студенттер үшін толығымен тегін өткізіледі. Бұл — Эмбамунайгаз, Болашақ, ҚМГ Инжиниринг, Каспиймунайгаз, Тенгизшевройл, SLB Schlumberger, АНПЗ, Worley Parsons, Жигермунай, New Tech System Group, KMG Automation, Edil-Oral және басқа да серіктестеріміздің өңірдің халықаралық танымалдылығын арттыру жолындағы қолдауының арқасында мүмкін болып отыр.
Біз сіздерге осы қолдау үшін ризашылығымызды білдіреміз!