UTEBAYEV UNIVERSITY әлемдік қауымдастыққа болашақтың цифрлық экожүйесін таныстыруда
Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында білім беру технологиялары саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық алаңдардың бірі — Bett Show UK 2026 өз жұмысын бастады.
Көрмеге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен әлемдік технологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді. Көрмеге UTEBAYEV UNIVERSITY де белсенді қатысуда.
Көрменің алғашқы күніндегі негізгі оқиғалардың бірі — Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ашылған Қазақстанның Ұлттық павильоны болды. Павильон жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің басым бағыттарын, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктерді таныстыруға арналған маңызды алаңға айналды.
UTEBAYEV UNIVERSITY Bett Show UK 2026 көрмесінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті дамыту аясында іске асырылып жатқан AI HUB жобаларын халықаралық қауымдастыққа ұсынып отыр.
Көрме аясында университет білім беру және басқару үдерістерін жаңғыртуға бағытталған келесі зияткерлік шешімдерді таныстырды:
- Edu Data Insight — білім беру саласына арналған предиктивті аналитика платформасы;
- Edu AVATAR — AI-аватарлар негізіндегі иммерсивті білім беру ортасы;
- Зияткерлік AI-ассистенттер — HR, IT-мамандар, оқытушылар мен бағдарламашыларға арналған смарт-көмекшілер;
- Fixit — киберқауіптерді талдауға арналған зияткерлік платформа;
- HRtech — персонал тиімділігін арттыру және тәуекелдерді басқаруға арналған аналитикалық шешім.
«Бұл жобалар университеттің EdTech, киберқауіпсіздік, HRtech және жасанды интеллект салаларында кешенді цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді. Bett Show UK — халықаралық серіктестік орнатуға, озық тәжірибе алмасуға және жаһандық білім беру қауымдастығымен ашық диалог құруға мүмкіндік беретін маңызды алаң», — деп атап өтті университет ректоры Гүлзада Шакуликова.