AOGU supports UN Agenda

Ол өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болды. Еліне, жұртына ғана емес, бар ғұмырын арнаған ғылымға, таңдаған мамандығына, атқарған қызметіне. Бүгін Атырау аймағы ардагер ұстаз, ғибратты ғалым Текей Қарамырзаұлын соңғы сапарға шығарып салды. 90 жастың төріне тың қалпында шыққаны күні кеше секілді еді...
Орта мектеп, мұнай техникумы. Оның өз қолымен жазған өмірбаяны осылай басталады. Жастайынан білім-ғылымға құмартып өскен ауыл баласы Мәскеудегі атақты Губкин атындағы мұнай-газ институтына емтихансыз қабылданды. Мұнай кәсіпорындарында жүргізілетін іс-әрекеттердің экономикалық тиімділігі туралы баяндамасы дипломдық жұмысына арқау болды. 1958 жылы институттың талантты түлегі жазған дипломдық жұмысы мәскеулік ғалымдардың таңданысын тудырды, тіпті Мысырдан келген делегаттарға сыйлық ретінде берілген. Институтты үздік бітіріп, туған жері Құлсары қаласындағы мұнай өндірістік басқармасына қызметке қабылданды.
АХМЕТ ЖҰБАНОВТАН АЛҒАН АЛҒЫС
Өмірбаян деректерін қарап отырып, мынадай қызықты жайтқа көзіміз түсті. Текей Қарамырзаұлы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан. Құлсарыда ұлт аспаптары оркестрін құрады және 1957 жылы Алматыда өткен республикалық фестивальде өнер көрсетеді. Кейін Атырау қаласындағы Мұнайшылар сарайында Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің құрылуына ат салысады. Осы оркестрдің құрамында 1958 жылы Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысып келеді. Тағы бір атап өтер тұс - математикадан ішек формуласына сүйене отырып, домбыралар тобының перне ара қашықтығының заңдылығын табады да, өз қолымен барлық аспаптарға заңдылық бойынша пернелер қондырады. Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен оркестердің ерекше үніне Қазақ ССР ғылым академиясының академигі Ахмет Жұбанов өте жоғары баға беріпті.
ЖАС ЭКОНОМИСТЕРДІҢ ТӘЛІМГЕРІ
Институтты бітіргеніне жыл толмай жатып, жас маманды талапты инженер-экономист ретінде танып, жаңадан құрылған Гурьев Халық шаруашылық Кеңесі жоспарлау бөліміне жұмысқа шақырады. 1957-1960 ж.ж. облыстың ауыр өнеркәсібін жоспарлаушы аға инженер-экономист лауазымын атқарды. Ғылыми мақалалар жазып, мұнай өндіру, өңдеу, мұнайхимия өндірісінің болашақта дамуының экономикалық тиімділігі жөнінде зерттеулер жариялап отырды. 1960 ж. Атырауда «Қазақстанмұнайгеофизика» тресті құрылуына байланысты жоспарлау-экономикалық бөлімінің басшылығына шақырады. Осы орында отырып, геофизика жұмыстарын жоспарлау, есеп және ақпар істерін жүргізу, әсіресе жоба-смета құжаттарын жасақтау және оны тексеру істеріне қатты көңіл бөледі. Мұнай және газ кен орындарын іздестіретін бұрғылау жұмыстарының шығындары мен геофизикалық зерттеу шығындарына салыстырмалы экономикалық бағалау жүргізді. «Маңғыстау түбегінің жерасты суларын пайдалануының экономикалық тиімділігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Жұмыстан тыс уақытында жас экономистерді жинап, далалық геофизика жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын жасақтау, оларды тексеру және экспертиза жүргізу істерінің мамандарын дайындады.
1963 жылы Қазақстан Ғылым академиясының президенті академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездеседі. Ғылыми жетекшісімен бірге жұмыстарды ұйымдастырудың нақты жағдайына талдау жүргізіп, ол жоспарлау және есеп жүргізу істеріне жаңалықтар енгізеді: шығындарды әр ғылыми тақырыптарға жоспарлап, оның орындалуына тексеру есебін жүргізуді орнатады. Оның ұсыныстары институтқа бөлінетін қаражаттарды ұқыпты пайдалануға жол ашып, басшылық тарапынан қолдау табады. Геология институтының жұмысын талдауда «Ғылым туралы ғылым» деген ұғымды енгізіп, ғылыми тақырыптарға бөлінген мемлекет бюджетін талдап, фундаменталдық тақырыпқа шыққан шығындардың тиімділігін анықтайды да, басшылықтың тиімсіз тақырыптардан арылуына мүмкіндік туғызады. Ол ұсынған дала жұмыстары шығындарының сметалар формасы бүгінге дейін қолданылып жүр.
«ҚАРАМЫРЗАЕВ МЕКТЕБІ»
1972 жылы жаңадан құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясы Гидрогеология және гидрофизика институтының «Жерасты суларын пайдалану экономикасы зертханасына» жетекші болды. Осы жұмысты атқарған 22 жылдың ішінде Сырт Іле және Қырғыз атауларының тау бөктеріндегі, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Оңтүстік, Орталық, Шығыс, Солтүстік және Батыс Қазақстанның жерасты суларын пайдалануды саты-сатыға бөліп, зерттеулер жүргізеді. Көпжылдық зерттеулерінің қорытындысы Қазақ ССР ҒА Гидрогеология және гидрофизика институтының Ғылыми кеңесі докторлық диссертацияның негізі деп шешеді де, оған «Экономика ғылымдарының докторы» деген дәреже беріледі. Осылайша Текей Қарамырзаұлы елімізде Қазақстанның жерасты суларының пайдаланылуына экономикалық баға беру мектебін ашты.
Докторлық диссертациясында экономикада алғаш рет шығындарды картаға түсіру тәсілі ұсынылады және әлемде теңдесі жоқ «Қазақстанның жерасты суларының 1 м3жер бетіне көтеру болжамдық шығындары» картасын жасаған.
Текей Қармырзаұлы 1983 жылы жаңалық ашып, «Жайылымдарды суландыру жүйесі» деген авторлық куәлікке ие болды.
ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ
1993 жылы Ғылыми орталықтың жұмысымен қатар Т.Қарамырзаұлы Қазақ политехникалық институтының Атыраудағы филиалына қарасты «Экономика, ұйымдастыру және басқару» кафедрасының жетекшілігіне шақырылды. 1993-1994 оқу жылында экономика мамандығы бойынша алғашқы абитуриенттер қабылданды. Кейін бұл мамандық заман талабына сай үлкен сұранысқа ие болып, арнайы факультетке айналды. Төрт жыл ішінде Атырау қаласында оқитындықтан студенттердің ата-аналары 60 млн.теңге үнемдейді. Бұл экономика ғылымдары докторының өлшеусіз еңбегінің нәтижесі болды. Бастапқыда үш оқытушы ғана болған факультеттегі штат саны 47-ге жетті. Оның ішінде экономикадан 3 ғылым докторы, 7 кандидат, 8 магистр дәріс берді. Қазақ топтарына мемлекеттік тілде дәріс жүргізілді. Бұл да Текейдің Қарамырзаұлының еңбегі еді.
2004 жылы Атырау мұнай және газ институтының жанынан ашылған «Техника-экономикалық тұжырымдау және бизнес-жоспарлау ғылыми орталығының» директоры болып тағайындалады. 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 4 монография, 3 кітап, 1 авторлық жаңалық ашқан куәлік бар. Өмірінің 73 жылын ғылым мен білімнің дамуына, еліміздің болашақ көшбасшыларын дайындауға, шәкірт тәрбиелеуге арнады. Күні кешеге дейін халықаралық, республикалық конференцияларға қатысып келді, үнемі ізденіс үстінде болды.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басшылығы, Директорлар Кеңесі, профессорлық-оқытушылар құрамы және студент-магистранттары атынан Текей Қарамырзаұлының отбасына, ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қош болыңыз, ардақты ұстаз! Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жадымызда мәңгі сақталады.


Back to the list


Не таңдау керектігін білмейсіз бе?

Қабылдау комиссиясының мамандары анықтауға көмектеседі

Leave a request.
We will call you back and advise!
CAPTCHA

RU KK  EN